«ШӘКӘРІМ КЕРУЕНІ» АЯГӨЗ, ҮРЖАР АУДАНДАРЫНДА
Шәкәрім университеті «Шәкәрім керуені» жобасын жүзеге асыруда. Жоба шеңберінде университет делегациясы Аягөз, Үржар аудандарына екі күндік сапармен барып қайтты.
Басты мақсат – «Мектеп - ЖОО» кластері аясында Абай облысы аудандарының мектептерімен бірлескен жобаларды жүзеге асырып, оқушыларға ерте кәсіби бағдар беру жұмыстарын ұйымдастыру.
Оқу орны басшылығының айтуынша, қала және аудандар бойынша кәсіби бағдар беру жұмыстары тек 11-сыныпта емес, 8,9-сыныптардан басталуы керек. Ата-аналардың 80 пайызы, пән мұғалімдері, сынып жетекшілерінің де баланың мамандық таңдауына қосатын үлесі зор. Осы тұрғыда қатысушылар мен мектеп түлектеріне Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Индира Оралканова «ЖОО түсу тәртібі: өзгерістер мен ескертпелер» тақырыбында баяндама жасады.
Жергілікті атқарушы билік пен университет арасында тығыз байланыс орнату мақсатында аталған аудандарда меморандумдарға қол қойылды. Тараптар «Мектеп – ЖОО» кластеріне қатысты тиімді жұмыс түрлерін жүзеге асырады. Атап айтқанда, инновациялық білім беру және ғылыми қызмет саласындағы ынтымақтастықты нығайтады, қосымша жалпы білім беретін және ғылыми бағыттағы бағдарламалар мен жобаларды іске асырады, мектептегі оқушыларға ерте кәсіптік бағдар беру жүйесін дамытады.
«Шәкәрім керуені» жобасының Аягөз, Үржар аудандарындағы сапары барысында келесі іс-шаралар кешені ұйымдастырылды:
«Мамандықтар жәрмеңкесі» өткізіліп, 1000-ға жуық жас түлектерге арналған «Білім апгрейді», «Мамандықты дұрыс таңдайық» тақырыптарында тренинг-кеңестер, бейіндік пәндер бойынша шеберлік сабақтар өтті.
200-ден астам мектеп мұғалімдері өз біліктіліктерін арттырды. Мектептердегі кәсіптік бағдар беруші мамандар мен ұстаздарға ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, мектептегі кәсіптік бағдар беруді ұйымдастырудың әдіснамасы тақырыптарында тәжірибелік семинарлар жүргізілді.
Барлық мектеп директорларына көшбасшылық, білім сапасын жоғарлатудың алғышарттары мәселелері турасында workshop өткізілді.
ЖОО мен түлектердің өзара байланысын жандандыру мақсатында Аягөз, Үржар аудандарының дамуына үлес қосқан Шәкәрім түлектеріне, озат шәкәрімдік студенттердің ата-аналарына алғыс хаттар табысталды.
«Оқуға құштар мектеп» жобасын қолдау мақсатында аудан мектептерінің кітапхана қорына Шәкәрім университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, абайтанушы Б.Ердембековтың «Абайтану» кітабы сыйға тартылды.
Мүмкіндігі шектеулі жастарға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және толық емес отбасынан шыққан түлектерге, түрлі байқаулардың жеңімпаздарына «Шәкәрім гранты» табыс етілді.